Саңыраулар «Алатау» сахнасында мерекелік концерт қойды

15 қазан 2023 жылы «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында Саңыраулардың Халықаралық күніне, Қарттар мен Мүгедектер күніне орай есту мүмкіндігі шектеулі, бірақ таланттары шектеусіз Алматы қалалық Саңыраулар Мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік концерт қойды.
Салтанатты шараны «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бишілер тобы қазақ биімен ашып берді.
Алғашқы құттықтау сөзді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры М.К.Нуралиев алып, өнерге ғашық ерекше жандарға сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Қазақстан саңыраулар қоғамы Алматы қалалық бірлестігінің төрайымы Н.А.Жуковская, кеңесші В.С.Долгов, есту және көру мүмкіндігі шектеулі жандардың демалысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ғ.И.Әділханов әріптестерін ортақ мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Жүргізушілер күні кеше ғана Ақтөбеде өткен «Сәукелелі ару-2023» байқауының жүлдегері атанған Анастасия Самойлованы сахнаға шақырды. Сымбатты Настя мәнерлеп өлең оқып, көпшілікке махаббат жайлы лирикалық ән сыйлады.
Ал Алим Меңдібаев жетекшілік ететін сайқымазақтар тобы әзіл-қалжыңға толы «Саңырау әйел», «Ескерткіш», «Аңшылық», «Матростар», «Тпәй!» атты қойылымдарымен көрермендерді қыран-топан күлкіге бөледі.
Ым-ишарамен ән айтатын әншілер: Елдос, Настя, Диляра, Лаура эстрадалық әндерімен мерекеге шашу шашса, «Өрлеу» бишілер тобы ұлттық биімен концертті қорытындылады.

 

Бөлісу: