Саңырау әншілер эстрада жұлдыздарымен бірігіп өнер көрсетті
Қыркүйектің соңғы күнінде Астанада Халықаралық саңыраулар күні аясында «Екі жұлдыз» шығармашылық кеші болып өтті.
Шараға еліміздің барлық аймағынан саңыраулар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Жалпы, елімізде 30 мыңнан аса саңырау жандар бар.
Кеште мүмкіндігі шектеулі жандармен эстрада жұлдыздары бірігіп өнер көрсетті. Олар: Ибрагим Ескендір, Ринат Мальцагов, Шахаризад Сейдахмет, т.б.
«Екі жұлдыз» шығармашылық кешіне Алматы қалалық Саңыраулар мәдениет үйінен әнші Лаура Королева қатысып қайтты. Оған лайықты жұп табылмай, байқау шартынан тыс жалғыз өзі ән шырқауға мәжбүр болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кештің басты мақсаты – қарама-қайшы екі тарап арасындағы қалыптасқан стеротипті жою.
«Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдастығының президенті Сайлаугүл Омарханова: «Осы құлақтары естімейтін адамдардың арасында өте талантты жастар көп. Өкінішке қарай, олар құлағының кемістігіне байланысты, сөйлей алмауына байланысты арнайы оқу орындарында бір мамандық ала алмайды, сондықтан осындай шығармашылық байқаулар олардың шығармашылық қабілетін көрсетуге әбден лайықты деп ойлаймын», - деп сұхбат берді «Хабар» телеарнасына.