«Сәукелелі ару – 2023»
Қазан айының ортасында Ақтөбе қаласының әкімдігінің қолдауымен «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» ҚБ Ақтөбе облыстық филиалына қарасты Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сәукелелі ару-2023» есту мүмкіндігі шектеулі арулар арасында Халықаралық І байқауы болып өтті.
Әр тараптан келген сұлу қыздар 4 кезең бойынша сайысты.
«Сөз анасы – сәлем» демекші, иба мен көргенділікті, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсетуді ұлық тұтқан аналарымыздың жолымен «Қыздар сұлу көрінер сәлемімен» кезеңінде қатысушылар сахнаға ұлттық киіммен шығып, өзін, туып-өскен елін таныстырды.
«Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде арулар өз өнерлерін паш етсе, «Салтын сыйлаған ел озар» кезеңінде қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпынан көрініс сыйлады. Ал «Сәукеле салтанатында» этно және заманауи қазақтың ұлттық киімі мен бас киімі үлгілерінен дефиле көрсетті.
Қатысушылардың сахналық мәдениеті мен киім үлгісін, бойындағы таланты мен жан-жақтылығын, әртістік шеберлігін сарапқа салған қазылар алқасы жүлдегерлер есімін атады.
Сұлулық пен нәзіктікті, сыр мен сымбатты бойына сіңірген есту мүмкіндігі шектеулі арулар арасындағы «Сәукелелі ару -2023» І халықаралық байқауының «Сымбатты ару» номинациясын Алматы қалалық Саңыраулар мәдениет үйінің қызметкері Анастасия Самойлова жеңіп алды.
Жарайсың, Настя!