Шырайлы Шымкент қаласындағы шуақты концерт

17-20 қазан 2023 жылы «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты көру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың демалысын ұйымдастыру бөлімінің «Атамұра» ұлттық аспаптар ансамблі Шымкент қаласына гастрольдік сапарға шығып қайтты.
Көз жанарына зақым келгенімен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын өнерпаздарды шымкенттік әріптестері теміржол вокзалы перронында шашу шашып, алқызыл гүлмен құшақ жая қарсы алды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Мирас Қожахметов, концертті жүргізуші – бөлім басшысы, әнші Ғазизхан Әділханов, әкімші-үйлестіруші – Айжан Исмаилова ансамбль мүшелерін жетелеп, «Ордабасы» қонақүйіне орналастырған соң, алматылық қонақтар орталық мешітте Құранға қол жайып, вальс королі - Шәмші Қалдаяқов аллеясына гүл шоқтарын қойды, кешке дейін шырайлы Шым-қаланың көрікті жерлерін аралады.
18 қазанда Шымкент қалалық «Әзіл-сықақ және сатира» театрында өткен алғашқы концертті көпшілік зор ықыласпен қабылдады. Көрермен қошеметіне бөленген өнерпаздар келесі күндері нашар көретіндерге арналған арнайы кітапхана оқырмандарына, Қарттар үйінде концерт қойды. Өнер сүйер қауымға жүрек тербер әсем ән, тәтті күй сыйлағандар: Думан Жақанбаев, Арнұр Әлімқанов, Нұрбек Көкетайұлы, Ғазизхан Ыбырайханұлы т.б.
Шым-қалада өткен шуақты концерт көрерменге де, өнерпаздарға да алдағы күндерге сенім мен шабыт сыйлады деп ойлаймыз.

Бөлісу: