Домбыра күні - Ұлттың үні

2023 жылдың 30 маусым күні Н.Осторвский атындағы Қазақ соқырлар қоғамы мәдениет үйінде өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ өнерінің асыл діңгегі - Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра күні – Ұлттың үні» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің мақсаты – Ұлттық аспабымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекеде Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыру.
Ұлттық домбыра күні мерекесінің шымылдығын белгілі күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Күйшілер Одағының Алматы қалалық филиалының төрағасы Талап Қараш құттықтау сөзбен ашты.

Домбыраны жанына серік еткен дәулескер күйшілер: Қызырхан Бабақұмарұлы Мүкей «Қосбасқан», «Күй тағылымы», Құрманғазы медалінің иегері Ертай Барлықов Құрманғазының «Серпер», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», ҚР Күйшілер Одағының мүшесі Рысбүбі Әмзебекқызы Бәзғаламның «Бәзғалам», Әмзебек Жұмабекұлының «Қос емен», Өнертану ғылымының магистрі Нәзира Қанағатқызы Сүгірдің «Шалқыма» және Абдулхамит Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін, жас домбырашы Бейсембек Арна халық күйі «Келіншекті» орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының есту және көру мүмкіндігі шектеулі жандардың демалысын ұйымдастыру бөлімінің «Атамұра» ансамблінің көркемдік жетекшісі Мирас Қожахметов бастаған домырашылары: Бақтыбай Жолбарсыұлының «Әуен», Нұрғиса Тілендиевтің  «Көш керуен», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», Сүгір Әліұлының «Ыңғайтөк», «Жылы ұя», оңалту орталығының домбырашылар ансамбілінің күйшісі Маржықұлов Әлмімғазы Құрманғазының «Алатау» және халық күйі «Арынғазы» күйлерімен көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Әнші Батима Сағынғалиқызы Гүлнар Дәукенованың «Сағым жылдар»  әнін «Атамұра» ансамбілінің сүйемелдеуімен орындап, көпшіліктің  қошеметіне  бөленді.

 

 

Бөлісу: