Исаев Нұрболат Энгельсұлы

дәстүрлі әнші

Исаев Нұрболат Энгельсұлы Батыс өңірі Исатай мен Махамбет бабаларымыздың өлкесі Атырау облысы, күй құдіретінің атасы Құрманғазы бабамыздың атымен аталатын Құрманғазы ауданының топырағында 1993 жылы дүниеге келді. 10 жасында Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясына халық әні бөліміне оқуға түсіп, алғашқы ұстазы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» Құттымұратов Паһаман Бүркітбайұлынан халық әні мамандығы бойынша дәріс алған. Оқуын тәмамдап, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжіне 2010 жылы оқуға қабылданып, бірінші курсты бітіре салысымен 2011 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжіне «халық әні» мамандығы бойынша ҚР еңбек  сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, доцент, профессор Қосанова Айгүл Шоданқызынан оқуын жалғастырып 2013 жылы бітіріп шықты. 2013 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында Батыс ән мектебі «халық әні» мамандығы бойынша тәлім алып, аталмыш оқу орнын 2017 жылы тәмамдады. 2017-2020 жылдар аралығында туған өлкесі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Хиуаз ауылындағы «Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебінде» дәстүрлі ән пәні бойынша ұстаздық қызмет атқарды. 2020 жылы Алматы қаласындағы Алтынбек Қоразбаевтың « Алтын домбыра» өнер мектебінде ұстаз болды. 2021 жылы Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистік-шығармашылық қызметінің орындаушылар құрамының артисі лауазымында жұмыс жасап келеді.

 Жетістіктері:

Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында оқып жүріп 2005 жылы Боздақ Рзаханов атындағы облыстық жас орындаушылар байқауына қатысып, жүлделі І-ші орынды иеленді.

Алматы қаласында өткен Қазақстан ұлттық телерадиосының 50 жылдығына арналған Республикалық «Балдәурен-2008» радиофестивалінің байқауына қатысып, лауреат атанды.

2010 жылы Аймақтық «Абай-Шәкәрім оқулары» байқауынан І-дәрежелі дипломмен оралдым. Ұлы ақын Абай атамыздың туған жері Жедебай еліне барып, Абай мұражайында Абай әнін шырқап дипломант атанды.

Республикалық  Алматы қаласында өткен «Заңғар» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жас дарын-2011» ән байқауына қатысып  Бас жүлдеге ие болды.

Алматы қаласында  2013 жылы өткен  Республикалық «XXXIV жас орындаушылар» байқауында ІІ орын жүлдегері атанды.

2012 жылы Түркия мемлекетінің Анкара, Анталия, Силифке, Балыкесир, Караман қалаларында өткен Түрксой ұйымының шақыртуымен ұйымдастырылған Халықаралық фестиваль-байқауында өнер көрсетті.

2013 жылы Ресейдің Санкт Петербург қаласында өткен Халықаралық «Созвездие талантов» байқауында «Нұр» этно-фольклорлық тобымен  Бас жүлдені жеңіп алды.

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында өткен «Республикалық пәндік олимпиядасында» халық әні, жыршылар номинациясы бойында І-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Павлодар қаласында 2017 жылы өткен V-ші Республикалық әнші, композитор Естай Беркімбаев атындағы байқауда 3-ші орын.

2018 жылы Атырау қалалық әкімдігі, Облыстық Білім беру басқармасының қолдауымен «Жайық сазы» I Республикалық балалар мен жастар шығармашылық байқауына лауреат дайындағаны үшін дипломмен марапатталды.

2018 жылы 9-10 наурызда Ақтөбе қаласында өткен «Platon» Халықаралық білім дамыту орталығы ұйымдастыруымен өткен «Үкілім-ай» атты өнер байқауына қатысушы шәкірттерімен нәтижелі жұмыс жүргізгені үшін «Мадақтама».

2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Талант kz»  Республикалық балалар және жасөспірімдер байқау-фестивальіне өз елінің өнерлі жастарын тәрбиелеуде белсенділік танытқаны үшін «Үздік ұстаз» дипломымен марапатталды.

2019 жылы «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының  ұйымдастыруымен өткен  Халықаралық «Біз бақытты баламыз» байқауында жоғары деңгейде шәкірт дайындағаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.

2019 жылы Республикалық «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының», «Үздік тәлімгер» төсбелгісімен  марапатталды.

2020 жылы Республикалық «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының», «Үздік жетекші» төсбелгісімен  марапатталды.

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Alash өнер орталығы» ұймдастыруымен онлайн ХІ халықаралық «Alash star» өнер байқауына шәкірт дайындап жетекшілік еткені үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Алматы қаласында өткен «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 18-20 ақпан аралығында қашықтықтан өткен Республикалық «Дала сазы» байқауына өнерлі шәкірт дайындағаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.