
Бесікбасов Оңдасын Иманғалиұлы
актерлық құрам
Бесікбасов Оңдасын Иманғалиұлы 1962 жылы 20 мамырда ШҚО Ақсуат ауданында дүниеге келген. Өзінің шығармашылық өмірін 1986 жылы Семей қаласының "Жастық" халық театрында бастаған. 1989-1991 ж.ж. Абай атындағы МАОБТ-тың хор студиясында оқыған. 1992-1996 ж.ж. Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА "Театр және кино актері" мамандығы бойынша бітірген. 1990 жылдан бастап 2017 жылға дейін, 30 жылдай Абай атындағы МАОБТ-та актер болып жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап "Алатау" дәстүрлі өнер театрының актерлық құрамында қызмет етіп келеді.
Кино саласындағы алғашқы жұмысы – «Құланның ажалы» 1989-1991 ж.ж., реж. А.Тажибаев фильмі болды. «Тюльпан» (2004-2008 ж.ж., реж. Сергей Дворцевой, Мәскеу) фильмінде басты рөлді сомдады. «Тюльпан» фильмі бірнеше халықаралық марапаттарға ие болды. Соның ішінде 2008 жылдың 61-ші Канн халықаралық кинофестиваліндегі «Особый взгляд» номинациясы бойынша Гран-при жүлдесі, Цюрихтегі 4-ші кинофестивалінде «Ең үздік көркем фильм» жүлдесі, Карловы Вары кинофестиваліндегі «Халық таңдауы» сыйлығы, 21-ші Токио халықаралық кинофестиваліндегі Гран-при жүлдесі, THE ASIA PACIFIC SCREEN AWARDS 2008 халықаралық кинофестиваліндегі «Азия - Тынық мұхиты аймақтағы ең үздік фильм». Сондай-ақ «Тюльпан» кинокартинасы Америка Академиясының «Оскар» жүлдесінің «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясына Қазақстан Республикасы атынан ұсынылды.
Актер Оңдасын Бесікбасов 50-ден аса киножобаларға (толық метр, қысқа метр, деректі фильмдер, телехикаялар) қатысты, соның ішінде 10-нан астам басты рөл сомдаған. Ең үздік жобалардың бірі «Ана жүрегі» фильмі, реж. Е.Рүстембеков, 2012 ж. Осы фильмдегі Аштай рөлін сомдағаны үшін Запорожье қаласында (Украина) өткен XVI-шы «Бригантина» халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік екіншісі ер рөлі» номинациясы бойынша дипломға ие болды.
Сонымен қатар халыққа кеңінен танымал киножобаларға қатысты. Соның ішінде «Шал» 2012 ж., «Аманат» 2013 ж., «Мәңгілік ел» 2013ж., «Жол» 2014 ж., «Талан» 2016 ж., «На грани» 2016 ж., «Қарасай батыр» 2016-2017 ж.ж., «Шестой пост» 2017 ж.
Актердің кинокартиналарының ішінде көптеген шетелдік те жобалар бар: BBC США арнасының тапсыры бойынша 2014 жылы түсірілген «Амазонки» деректі фильмі, Мосфильм жобалары – «Звезда Мика и Элла» 2015 ж., «Тобол» 2017 ж., Қырғызфильм мен Мосфильм бірлесіп түсірген «Сулейман ТОО» 2016 ж., кинокартинасы, Үндістан киножобасы – «Красный капитан Laal Kaptaan» 2019ж.