Театр тарихы

Қазақтың рухани құндылықтарының бірі – ұлттық өнер. Ал дәстүрлі өнер – халықтың рухани өмірлік қажеттіліктерінің ерекше формасы. Ғасырлар түпкірінен тамыр тартатын халық қазынасын саф күйінде сақтап, негізін бұзбай заманауи үлгіде көрермендерге ұсыну қазіргі уақыттың талабы.
2016 жылдың 18 тамыз күні Алматы қаласының 1000 жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Алатау» дәстүрлі өнер театры» КМҚК ашылды. Театр Б. Момышұлы мен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан. Алатау ауданындағы дәстүрлі өнер театры көркем ғимаратымен ерекшеленеді. 724 орындық концерт залы бар. Нысан 2014 жылы Алматы қаласының индустриалды-экономикалық даму бағдарламасы негізінде бой көтерді. Мәдени орталықтың жалпы аумағы 2,034 га құрайды. 3 қабатты ғимараттың алаңы 11515,9 шаршы метр. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 154 орындық қызыл және 98 орындық көк залдан тұратын 2 кинозал бар. Мұнда отандық кинофильмдер, түрлі мультипликациялық топтамалар көрермендерге жол тартып отыр. Кәсіпорын қорында халқымыздың ұлттық қасиеттері мен тәлім-тәрбиесін насихаттайтын көркем және деректі фильмдер, шетелдік жаңа кинофильмдер көрсетіледі.
Театр сахнасында Ә. Бағдаттың «Жыр-Жолбарыс» қойылымы (2018 жыл), Қ. Мұраттың «Ғұрып» этно-композициялық қойылымы (2019 жыл), И. Сапарбайдың «Абай-Тоғжан» қойылымы (2020 жыл), М. Анарбектің «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық кеші (2020), А. Беркімбайдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылым-концерті (2021 жыл), Ж. Жұманбай, А. Беркімбайдың «Қымызмұрындық» этно-фестивалі (2021 жыл), И. Оразбаевтың «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық драмасы (2021 жыл), Ж. Жұманбай, А. Беркімбайдың «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші (2021 жыл), К. Джиренбаеваның «Әсем әуен мен көркем қимыл» сазды би кеші (2022 жыл), балаларға арналған Н. Тұтовтың «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған музыкалық қойылымы (2022 жыл) және "Гүлдер хикаясы" атты музыкалық ертегісі - қоюшы режиссер Ж.Жұманбай (2022 жыл),  М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы қоюшы режиссер Ж.Жұманбай (2022 жыл), "Қамауда қалған арман" драмасы (2022 жыл) мен "Қамбар Батыр" эпостық жыры (2023 жыл) қоюшы режиссер Н.Тұтов және көптеген театрландырылған концерттік бағдарламалар қойылды. Аталған туындылардың барлығына тәжірибелік ізденістер жасалып, дәстүрлі өнер жаңа формада сахналанып келеді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты есту және көру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімі бар. Бөлімнің негізгі қызметі - көру және есту мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәдени-көпшілік іс-шараларын ұйымдастыру.